ПОИСК

«Саясатта шаруамыз жоқ еді – саясат өзі келді үйіме» 2025-06-05 04:14:20

Сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ата-анасының өмірі туралы

Биыл Алмас Тілепов пен Қалимаш Тойшыбекова 70 жасқа толады. Ұлы, журналист Думан Мұхаммедкәрім ұсталып, 7 жылға сотталғалы бері ерлі-зайыптылар Алматы маңындағы жер үйінде екеуден-екеу қалған. Олар көп уақытын жолда өткізеді – әділдік іздеп Астанадағы Бас прокуратураға барады, белгісіз себеппен жазасын өтеуге Қызылордаға көшірілген ұлына барады. Ал одан бос уақытын бау-бақшада өткізеді, бұл ауыр ойдан арылуға көмектеседі.

«Власть» қарт ата-ананың күресі мен ұлына оқылған үкімнен кейінгі өмірі туралы сөйлесті.

«Жалаңаяқ журналистен саясаткер жасап шығарды»

«Осы жерде отыратынбыз. “Мам, ауламыздың аурасы сондай күшті, таза ауа, қаладағыдай емес” деп отыратын». – Қалимаш Тойшыбекова бақшаны жақсы көретін, оған күтетін ұлын осылай есіне алды.

«Реттілікті жақсы көреді. Алғашқы жылы картоп отырғызған кезде, мен қалай болса солай істей салып, ол біраз ашуланды. Бәрі өз орнында тұруы керек дейтін адам», – деп қосты әкесі Алмас Тілепов.

Қалимаш апай Думанның бақшадан жалбыз бен бүлдірген теріп алып, шай қайнатқан кездерін еске алды.

Бақша жайнап тұр: картоптан бастап, жасыл желектің түр-түрі бар. Темір тордың ар жағында отырған ұлы туралы ойдан сәл мойын бұруға болатын жалғыз мекен осы.

2023 жылдың маусым айында бұл үйге полиция келді. Думан дүкенге шығып кеткен болатын. Көлігінде анасына арнап алған балмұздағы еріп еткен, жеке заттары шашылып жатқан, ал өзін ұстап әкеткен.

Бұдан кейін Мұхаммедкәрім бір жылдан астам уақытын тергеу мен сот процесін күтумен қамауда өткізді. Былтыр тамыз айында ол «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» деген айыппен жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Мұхаммедкәрімнің отбасы Алматыға 2017 жылы көшіп келді. Оған дейін Думан Астанада журналист болып жұмыс істеген. Алматыға көшкеннен кейін саясатқа қызыға бастады. «Кейде бұл жаққа босқа көштік пе деп ойлаймын. Көшпесек, Думанның жағдайы бұлай болмас па еді деп ойлаймын», – деп санайды анасы.

Осы сәтте үйдің жарығы өшті.

«Саяжайларда бұл үйреншікті нәрсе ғой. Думан депутаттыққа түскенде саяжайлар мәселесін көтерген. Үлкен журналистік зерттеу шығарды. Сол кезде оны саясаткер етіп шығарды ғой», – дейді Тілепов.

Біз әдетте отбасы бас қосатын үйдің кіреберісінде орналасқан асүйде отырмыз.

«Көп журналист келеді. Думан “мам, сөйлеспей-ақ қой, шаршайсың” дейді. Бірақ ұлым әділетсіз отыр, сондықтан ол үшін сөйлеймін деп шештім», — дейді анасы шай құя отырып.

Әдетте журналистер сұхбат алып кеткеннен кейін олар ұстап алып кете ме деп дайындала бастайды. Тойшыбекова тіс пастасы мен щеткасы секілді жеке заттарын алдын ала жинап қояды.

Түрменің ішіндегі түрме

Қалимаш Тойшыбекова былтырғы соңғы сот отырысынан бері ұлын бірде-бір рет көрмеген. Думан Мұхаммедкәрімді Жаңа жылдың алдында белгісіз себеппен Қызылордаға ауыстырып жібергені жағдайды шиеленістіріп жіберді. Ұлының жақтастарымен сонда барды. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің маңына жиналған белсенділер “қызметін атқарып жүрген журналисті неге отырғызғанын” сұрады.

Бастапқыда ұлымен кездестіруге уәде бергенмен, кейін видеомен ғана хабарласуға болады деп хабарлапты. Бұдан кейін Мұхаммедкәрімнің өзі бас тартқан.

«Бастапқыда оны жалғыз адамға арналған камераға ауыстырды деп айтқан. Ал шын мәнінде оны бір күнге ғана карцерден шығара тұрған екен, — дейді ол. — Думан бұлардың басына кірпіш түскен бе, не боп қалды деп аң-таң болған, елінен осынша белсенді мен анасы келгенін, сол үшін жасалып жатқанын түсінген соң бас тартқан. Ақымақ қылғанына ыза болған ғой. Кетіп бара жатып, “балама бірдеңе болса, сіздер жауап бересіздер” деп кеттім».

Мұхаммедкәрімнің анасы билік Думаннан қорыққаннан кейін оны карцерде ұстап отыр деп санайды: «Таңғы алтыда төсектерін жинап тастайды екен, күні бойы цемент еденнің үстінде қамаудағы қасқыр сияқты отырады. Билік оны басқаларға үгіт-насихат жүргізуі мүмкін деп қорқады», – дейді ол.

Думан Мұхаммедкәрімді Қызылордаға этаппен ауыстырғалы бері оның егде жастағы ата-анасы мүлдем байланысты жоғалтты. Талдықорғандағы түрмеде болғанда, екі күннің бірінде таңғы бесте шығып кетіп, кешке қарай үйіне қайтатын. Бұл оларға бір жұбаныш еді: олар ұлына тамақ, кітаптар мен газет апаратын. Қазір ондай мүмкіндік жоқ.

Қызылордаға барған кейінгі сапардан кейін олар онда барудың басқа мәні жоқ деп, бар жігерін министрліктер орналасқан Астанаға бағыттау керек деп шешті.

Бір жерге жол жүретінін айтса, белсенділер жол-пұл жинап беруге әркез дайын екенін айтады.

Тілепов ұлын бір рет көрген. «Қарындасы екеуіміз 9 сәуір күні барғанбыз. Қарындасы үшін ғана шықты. Бізге келмеңдер деді. Бізді аяйды ғой, жолды көтере алмайды деп ойлайды», – дейді ол.

Әкесінің сөзінше, мұндай сапардан кейін әдетте денсаулығы нашарлап, бір аптада әрең қалпына келеді.

Ол қылмыстық атқару жүйесі комитетінен арасында болса да ұлымен таксофон арқылы байланысуды сұраған. Оған қоса, карцерден шығаруды талап етеді, өйткені ол жақта 15 тәуліктен артық қамау азаптау болып саналады. Оған қоса, Тілепов баласын өзі тіркелген Алматы облысына ауыстыруды талап етіп жүр.

«Алматының белсенділері белсенді ғой. Барып маза бермеді», — дейді ол ұлын неге ол қалаға ауыстырғанын түсіндірмекке тырысып.

«Бір жағынан біз де маза бермедік. Бір күні тамақ, екінші күні дәрісін апарам. Олар оны қиналсын деп отыр, қолдаусыз қалып, беріліп, айыпты мойындасын дейді», — деп қосты Тойшыбекова.

Думан Мұхаммедкәрім "мекемені абаттандыру және тұрмыс жағдайларын жақсарту жұмыстарына дәлелсіз себеппен қатысудан бас тартқаны үшін" бірнеше рет карцерге қамалған. Ол жерде 100 күннен астам уақыт өткізді және әлі де сонда отыр.

Тойшыбекова карцерді «түрме ішіндегі түрме» деп атайды. Ұлын карцерге ауыстырғаннан кейін оның ұйқысы бұзылған, денсаулығы көтермеген соң далаға шығуды да азайтқан. Думан түсіме көп кіреді дейді.

«Ұлым үшін өмір сүруіміз керек. Уыс-уыс дәрі ішемін. Ол түрмеден келгенде, мынау үй қаңырап тұрмауы керек қой. Біз өліп қалсақ, мұнда ешкім болмаса, ол өзін кінәлі сезінеді ғой», — деп күрсінді анасы.

«Бұрын өзімізбен-өзіміз жүруші едік. Саясатпен де ісіміз жоқ еді. Әйтеуір ел сияқты үйдің ішінде күңкілдеп қана отыратынбыз. Қазір бәрін ашық айтатын болдық қой. Өйткені олар біздің жанды жерімізге тиді. Саясат менің үйіме кіріп кетті», — дейді журналистің әкесі.

Тілепов “журналистің әке-шешесіміз ғой, тоқтамай сөйлей береміз” деп күледі.

Тойшыбекова ұлының өзіне “Тоқаевтың адамысың ғой” деп әзілдейтінін еске алды. «Балам, қандай болса да, президентіміз. Шындықты айтпа, отырғызады. Бұл елде саясат пен шындықты айтқандар ұзаққа бармайды деп айтатынмын. “Мам, мен журналиспін, шындықты айтуым керек” дейтін».

Шартты түрде мерзімінен бұрын босату

«Қаңтар кезінде басталды ғой бәрі, — дейді Тілепов түскі ас үстінде. — Ол кезде интернет болмады. Думан бәрін түсіріп алды. Сол күндердегі материалдарды бірінші болып шығарған журналист».

Қырғызстанға да барды.

«Телевизордан көріп отырдық. Бар сұмдығын көрдік. Атып тастады ма деп қорықтым», – деп қосты Тойшыбекова.

«Сол кезде Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берді ғой», – деп еске алады олар.

Қаңтар оқиғасынан кейін журналистің ата-анасы белсенді түрде саясатқа қызыға бастаған: олар азаматтық белсенділерді таниды, АЭС құрылысы жөніндегі референдум қарсаңында ұсталған жеті азамат туралы хабардар.

«Ұлымды отырғызғаннан кейін осындай болдым. Зейнеттегі қарапайым есепші едім ғой. Ұлымды шындық үшін отырғызды, неге мен үндемеуім керек?» – дейді Тойшыбекова.

Мұхаммедкәрімнің ата-анасы көшеде жұрт танып жататынын, көбі Қазақстаннан көшуді ұсынатынын айтады. Бұл көңілін түсіреді: «Біз неге өзіміздің қара басымызды ойлап көшуіміз керек? Неге сол адамдар мемлекеттен ештеңе талап етпейді? Думан Отанымды ұрыларға тастап кетпеймін деп айтатын», – дейді Тілепов.

Тойшыбекова ұлының шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға да, басқа елге көшіп кетуге де келіспейтінін айтады.

Журналистің ата-анасы қазір кассация сотынан хабар күтіп отыр. Ол жерде де әділдік таппаса, БҰҰ комитеттеріне жүгінуге дайын.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть

Статьи

Новорожденных детей иностранок продавали в Алматы
В Кызылординской области мужчина получил 10 суток ареста за нецензурную брань в адрес родителей
К 11 годам тюрьмы приговорили экс-президента Кыргызстана
Требования к мобильным переводам изменятся
«МММ» казахстанского разлива, или Кое-что о схемах «пирамидостроителей»

Contact

Email : abikenovazamat256@gmail.com

Среди множества новостных источников, которые шумят и мелькают, словно городская суета, Dala Info – Степные новости выступает как свежий ветер, проникающий из бескрайних степей. Этот новостной сайт не только приносит актуальные события, но и вносит в наш информационный мир долю свободы и природной простоты.